Нұр-ағаң және Мен

Мамыр 3, 2011

Қазақ журналистикасының жампозы – Нұртөре Жүсіп ағамызбен сұхбаттасу ойымда жүрген арман-тілек еді. Осындай сәттің реті келіп, Нұртөре ағадан көкейде жүрген бірнеше сауалдарға тыңғылықты жауап алдым.      

Ұққаным: Қаламгерлік ғұмырдан қалыптасқан журналистика ұстазының бойындағы «ұстамдылық» – жас талап үшін «бас редакторлыққа» бастар тура жол екен…

Нұртөре Жүсіп: Қазақ журналистерінің басын мемлекетшілдік идеясы біріктіруі тиіс…

«Басқаның алдында бір кітап жатса, журналистің алдында екі кітап жатады. Біреуі – жазылған кітап, екіншісі – өмір» деген тағылымды сөз бар.Сіздің бала кезіңізде «ақ халат киіп, дәрігер атансам» деген арман-мұратыңыз болғанын жақсы білеміз. Отыз жылдан асқан қаламгерлік өмірден ұққаныңыз не болды? Кезінде «қандауырды» емес, қаламды таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? 

Адамда арман көп болады. Жас кезде, әсіресе, мектеп бітіруге жақындағанда неше түрлі ой келеді. Әр мамандыққа қызығасың, қиял шіркін шарықтайды. Сондай уақытқа тап келдім бе, мен де сегізінші сыныпты бітіргенде дәрігер болсам деп армандадым. Бірақ өмір жолы мені журналистикаға әкелді. Қолға қалам алып, журналистика саласында жүргенімізге де отыз жылдан асып кетті. Сондықтан, «қандауырды» емес, қаламды таңдағаным үшін еш өкінбеймін.

 

Нұртөре аға, Сіз Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін қазіргі күндегі көптеген сүбелі сөз саңлақтарымен – бас редакторлармен бірге тәмамдадыңыз. Арқа жерін араладыңыз. «Егемен Қазақстанда» Шерағаңның мектебінен, одан кейінгі өтпелі кезеңде «Жас Алашта» бас редакторлық қызметті алып жүрдіңіз. «Жас журналист – жаңашыл», жастау болсаңызда осы бас редакторлық қызметпен біте қайнасып кеттіңіз. Сол уақытта, жанартаудай жалындаған жастығыңыз байыпты басшылықта қиындық туғызды ма? Әлде, септігін тигізді ме? 

Біздің курстан республикаға белгілі редакторлар, ақындар мен жазушылар шықты. Республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген курстас, қанаттас, қаламдас азаматтар аз емес. Еңбек жолымды Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінен бастап, Шер-ағаңның тұсында «Егемен Қазақстанға» шақырылдым. Одан «Жас Алашта», сосын «Ақ жол Қазақстан», «Астана хабары» газеттерінде жұмыс істедім. Жас кезде адам өршіл болады. «Жас Алаш» газетін басқарған кезімде жастықтың оты жалындап тұрды деуге болғандай. Мұның газет жұмысын ілгері бастыруға септігі зор болды. Бірінші кезекте маған «жақтас» болған себептер бар. Мәселен, Алматыдан тысқары жерде жұмыс істеген соң, мұндағы жазушылармен, ақындармен аралас-құралас болған жоқпын. Бұл өз кезегінде маған қолайлы болды. Былайша айтқанда, менің ешкімнің алдында «міндеттемем» болған жоқ. Содан кейін редакциялық мәселелердің көбін еркін шештім. Тым шұбалаңқы материалдарды батыл түрде қысқартуға, кейбірін мүлдем баспауға тура келді. Әрине, бұдан маған жақсы ат келе қоймағаны белгілі. Бірақ бұдан қарапайым көпшілік оқырман ұтты. Газет бетінде ойлы мақалаларға көбірек орын берілді де, бос сөзі көп,  «көбік» мақалаларға жол жабылды. Соның арқасында жалғыз «Жас Алаш» қана емес, республикадағы бірқатар басылымдар нақтылыққа, деректілікке, қысқалық пен нұсқалыққа бет бұрған да шығар…деп ойлаймын.

 

 Сіз, бүгінгі кезде қазақ баспасөзі әлі қандай тақырыптарды игере алмай келеді деп ойлайсыз?

Бүгінде қазақ баспасөзі көп өзгерді. Көп өсті. Көптеген тақырыптарға батыл баратын болды. Газет-журналдардың таралымы артты. Кейбіреулер «баяғыда ана газет пәлен тиражбен, мына журнал түген тиражбен  таралып еді» дейді. Дұрыс. Оған дау жоқ. Оның есесіне жаңадан қаншама газет-журнал пайда болды. Баспасөздің саны артты. Бірақ халық көбейген жоқ қой. Демек, тираж бөлінді деген сөз. Қазіргі қазақ баспасөзінің ойы өткір, тұжырымы нақты, міне 20 жылдан бері Тәуелсіздікке қызмет етіп келеді. Бізде әскери тақырып кенже қалып келеді. Сонымен қатар жас жеткіншектерге қажетті ғылыми сала, бұрынғы «Білім және еңбектің» орны үңірейіп тұр деуге болады.

 

 Қазақ журналистерінің өзара ынтымақтастығы мен байланысына қандай баға бересіз? Журналистердің діл мен тілге, саяси ұстанымға қарай бөлінуі дұрыс па?

Қазақ журналистерінің басын мемлекетшілдік идеясы біріктіруі тиіс. Кез келген ынтымақтастықтың негізінде – мемлекетшілдік, жақсы мағынасындағы ұлтшылдық, өз мағынасындағы қазақшылдық  жатуы керек. Саяси ұстанымы бойынша, немесе жекелеген көзқарасы бойынша бөліну еш уақытта опа бермейді. Осыны мықтап ескеру қажет.

 

 Осы уақытқа дейін тақырыптан, кейіпкерден жүрегіңіз шайлыққан кездеріңіз болды ма?

Журналист адамда жалығу деген бір сезім бар. Бұл журналистерге ғана емес, жалпы адамзат баласына тән нәрсе болар. Дегенмен, осы жалығу деген бойды билейтін бір кезең болады. Кей тақырыпты жылда айналдырып жаза берген соң «қызықсыз» көрінеді. Оқырман да солай ойлайтын шығар шамасы. Алайда, редактор болған соң кез келген тақырыптан айналып кете алмайсыз. Сол себептен «жүрек шайлықты» деп айта алмаймын.

 Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Ұйымның тарихында терең із қалдырды. Аталмыш ұйым құрамына кіретін 56 мемлекеттің тұрақтылығы, демократиялық дамуы, қауіпсіздігі және өркендеуі жолында өнімді істер атқарылды. ЕҚЫҰ мен ИКҰ-ға төрағалық етудің ұқсастықтары мен айырмашылықтары көп екені белгілі. Биылғы маусым айынан басталатын Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына еліміздің төрағалығы мұсылман жұртын ұйыта ала ма? Күн тәртібіндегі мәселелерді шешуге ықпал жасай ала ма? 

Менің жеке пікірім, кез келген халықаралық ұйымға мүше болу, мейлі ол төрағалық болсын, жекелеген адамдардың дүние-танымын соншылықты өзгерте алмайды. Мұсылман жұрты үшін Ислам Конференциясы ұйымына Қазақстанның төрағалығы әрине, үлкен оқиға. Бірақ бұдан барлық мұсылман әлемінде күрт өзгеріс бола қоймайтын болар. Ынтымақтастық ықпалы мемлекет беделін өсіруге керек. Ал жекелеген азаматтар үшін отбасындағы тәрбие зор рөл атқарады. Әр шаңырақ өз ұрпағына дұрыс тәрбие берсе, сол үлкен олжа.

 

 Елбасымыз бір сөзінде «Халық бәрін кешіреді, бірақ біз тәуелсіздікті қолдан шығарып алсақ, бізді ешкім кешірмейді» деп айтқан болатын. Сол қастерлі ұғымның бақыты халқымызға бұйырғалы Алла салса, 20 жылдың жүзі болмақ. «Кеңес үкіметі қазақты отарлауда –Бесіктен айыру, Бесіктен безіндіру саясатын жүргізді. Қазақты бесігінен айырып, сол тұста есігін кім көрінген теуіп ашты», деп пайымдағаныңыз бар еді. Тағылымы терең тәуелсіздіктің 20 жылында жұртымыз сол  «жоғалтқан бесігін» өзіне қайтара алды ма?

Тәуелсіздіктің 20 жылдығында шыққан биігіміз, жеткен жетістіктеріміз аз емес. Жақысылықты ешкім тартып алмайды. Ал «жоғалтқан бесік» туралы әңгіме – таусылмайтын тақырыпқа айналғандай. Жиырма жылда ұлттың рухани сұраныстары аз-аздап болса да өтеліп келеді. Осыған қанағаттана қоймайтын адамдардың қатары да жеткілікті. Қазақ мемлекеті қазақ баласының мәселелерін толық шешіп бермейді. Мемлекет атқаратын істер бар. Оның жасайтын әлеуметтік қамқорлықтары бар. Сонымен бірге Адамадардың да өздері істей беретін шаруалар жетерлік. Біз көбінесе мемлекетке арқа сүйейміз де өз қолымыздан келетін нәрселерге бас қатыра бермейміз. Басқа біреу келіп істеп беретіндей көреміз. Мәселен, тілдің жайын айтайық. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ету туралы 1989 жылдары қандай талап қойылды?! Сол кезде кез келген қазақ азаматы тіл үшін, оның мәртебесін көтеру үшін шырылдап күресті. Ал мемлекеттік тіл мәртебесін алғаннан кейін барлық шаруа шешілгендей, біз екі қолды қалтаға салып, көптеген істі ысырып қойдық…Ал тіл үшін күрес – күнде жүретін күрес. Кафеге кірдіңіз бе, ас мәзірін қазақша сұраңыз. Кез келген мемлекеттік мекеме бас сұқтыңыз ба, қазақша сауал қойыңыз. Осы да қиын ба? Әр қазақ осылайша талапшыл, принципшіл болса, тілдік орта қалыптаспай ма? Өкінішке қарай біз біреу басқа тілде сөйлеп тұрса «түсінбей  қалады» деп соның ығында кетеміз. Күн сайын әр қазақ өз тілінің қолданысын арттыра берсе, басқа ұлттың бәрі өздігінен сайрайды. Сондай күннің туатындығына сенемін. Қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайтын пессимистерге айтарым: – Қазақ деген халық барда, оның осындай қуатты мемлекеті барда осыған дейін жойылмаған қазақ тілі еш уақытта жойылмайды! Сонықтан біздің әрбір қазақ баласы өз тіліне айрықша жанашыр, қамқор болуы тиіс.

Нұртөре аға, дүйім жұрт сіздің талантты іскерлігіңізді, қазақ журналистикасындағы жампоз бейнеңізді жақсы таниды. Ал, өзіңіз өмірде қандай адамсыз? Отбасыңызда сіздің журналистік жолыңызды қуып келе жатқан ізбасарларыңыз бар ма?

Өмірде аса пысық емеспін. Жалқаулығым да бір басыма жетеді. Ойға алған істерімнің көбісін атқаруға мүмкіншілігм болмады. Біраз уақытты жастықтың желігімен жібердік. Думан қуған кезеңдер де болды. Бірақ, Алланың берген ғұмырын саналы түрде кешу үшін өзімді өмір бойы қамшылап келемін. Қанағатшылмын. Барға – қанағат, жоққа – салауат. Отбасымызда соңымнан ерген, журналистік жолға түскен жеткіншектер бар. Бірқатар басылымдарда еңбек етіп жүр. Журналист адамның ақпарат тасқынына төтеп бере алмай қалатын да кезі болады. Бұл жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Тәуекелі көп мамандық. Қалай болғанда да ең қызықты мамандықты таңдап алғаным үшін өкінбеймін, сосын осы мамандық арқылы әлемнің қанша елін аралап, ел көріп, жер көріп, дүниені танығаныма, сол дүниені танытқан Алла-тағалаға мың сан шүкіршілік айтамын.

 Әңгімеңізге рахмет!


Торрес соққан гол қандай…

Сәуір 24, 2011

Ол «испан ұлтының алтын ұлы», «барлығының сүйікті футболшысы» бола тұра, қаумалаған жанкүйерлердің «ашу-ызасына» ие болып, Карло Анчелоттидің бас қатырар «шимай-шатпағына» айналып үлгерген еді…

Дегенмен, испандық үшін жасыл алаңдағы 15 сағатқа созылған «голсыз тыныштық» бұзылып, 3 айға жуық клуб сапындағы төгілген тердің есесі қайтарылды. Ағылшын чемпионатының 34-турында «Вест Хэмді» қабылдаған «ақсүйектер» 3-0 есебімен Авраам Грант шәкірттерін тас-талқан етіп жеңді. Кей-кезде қолындағы теңбіл допқа ие бола алмай, «сусытып» шығарып алатын қасиетімен кеңінен танымал Роберт Гриннің қақпасына ойынның 84 минутында «Эль-Ниньо» өзінің «Челси» сапындағы алғашқы голын тоғытты.

«Тұманды альбиондағы ағылшындық дербиде» алаң қожайындарының үздіксіз шабуылдары және «Стэмфорд Бриджде» толассыз жауған жауын есте қаларлықтай құбылыс болды. Шабуыл жүзіндегі әріптесі Анелкадан керемет пас алған Торрес, қақпа алдына «аяғына қос конькиді» қондырған хоккейшідей, тайғанай барып кілт тоқтап, кері бұрыла тура қақпа бағанасының тұсына теңбіл допты әуелетті. Көптен күткен Гоооол!!!!!!!!!!

 

Керемет фанатизмімен белгілі ағылшын жанкүйерлерінің қуанышында шек болмады. Келесі эпизод түгелдей дерлік «Челси» ойыншыларының өз голына қошемет қуалай жүгірген Торрестің үстіне қаумалай секіруімен жалғасты. Қатты разы болған «ақсүйектер» қуанғаны соншалық, алаңда сұлай жатқан испандықтың төбесінен, «көк тау бейнесіндегі» образды жасады. Бойындағы бар уайым-қайғыдан бір-ақ сәтте арылған Торрес ойын соңында, француз Флоран Малудаға әдемі пас асырып, есепті еселеуге көмектесті.

Ендігі кезекте, Әлем және Еуропа чемпионының өз қарқынын одан әрмен үдете түсуі өз қолында. Қалай болғанда да, әріптестерінің және Карло Анчелоттидің сенімін ақтаған Фернандо «Челси» үшін бәріне дайын екендігін жасырмайды.


Өмiрден өз орнын табу үшiн

Наурыз 14, 2011

Қазiргi уақытта жоғарғы оқу орнын бiтiрген түлектердi жұмыспен қамтамасыз ету қоғам үшiн де, жастар үшiн де көкейкестi мәселе болып отыр. Жұмысқа орналасудың қиындығы, жұмыссыздық, тәжiрибеден өту мүмкiндiктерiнiң шектелуi жас маман үшiн өзектi проблемаға айналды десе де болады. Расын айту керек, бүгiнде мемлекет жас мамандарды өндiрiске бағыттау тәжiрибесiн жаңғыртамын деп қанша күш салып жатса да, мәселенiң ақсап тұрған тұстары жетерлiк.
Көптеген жерлерде жұмыс берушiлер жас кадрдың қай мамандықты игергенiне жете мән бермейдi. Жұмысқа қабылдау кезiндегi олардың ең басты талабы – қызметке орналасушының өндiрiстiк тәжiрибесiнiң болуы. Олар кемiнде 3 жыл еңбек өтiлi болғанын қалайды. Сонда, күнi кешегi студентте мұндай еңбек өтiлi қайдан болады? Ешқайда жұмысқа орналаспаса, айтылған мерзiмдiк өтiлдi студент қайдан алады? Немесе, өмiрде өз орнын уақытында тапқысы келген студент бiрiншi курстан бастап жұмысқа орналасуы керек пе? Ал ондай жағдайда алған бiлiмiнiң сапасы қандай болмақ?
Қазақстандағы жетекшi компаниялар мен холдингтердiң жас мамандарға жеңiлдiктер қарастырып, жағдайды түзеуге ниет танытып жүргендерi де шамалы. Бiздiң ойымызша, жұмысқа орналасуға бел буған кадрлардың өндiрiстiк тәжiрибеден өтуiне мекеме қол ұшын беруi қажет. Сонымен қатар, олардың өздерiнен тәжiрибеден өткен маманды жұмысқа қабылдағаны жөн.

Қайта-қайта айтуды жөн санамасақ та, күні кеше өз ішіміздегі орын алған оқиға үңілейік. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде болған “дүмпуде”, студенттердің деканат басшылығына қойған талаптарында осы мәселенің бір ұшы көрінгендей еді. Үнсіздік…

«Түйірдей болса да – түйінді ойын» айтқан жастар «қабаттасқан оқу графигінен» бойын жазбай, «редакция қазанында қашан қайнап» үлгермек?  Болашақ журналистердің қарақұрым кешке дейін университет қабырғасынан  аттап баса алмауы –  студенттерге өнімді өндірістік тәжірибеден ұдайы өтуді шектейді емес пе? Қалай айтсақ та, «арқалағаны – алтын болса да, жегені – тікен» тілшілер қауымы үшін, буыны қатпастан, белі бекіместен шеберлігін шыңдап, қаламын төселтіп отыру ісі – бұлжымайтын дәстүр ғой? Редактордың тапсырмасымен «ой тұтқынында» жүруі шарт жас талап, «оқу тұтқыны» болғаныма, сонда қалай?.. Әзірге, бұл мәселенің шешімі шым-шытырық…


Қазақ спортының бір қыры

Ақпан 28, 2011

 

Осыдан тура 9 ай бұрын «Жас Алаштың» спорт айдарына еліміздегі жеңіл атлетиканың жағдайы хақында мақала жариялаған жайым бар еді. «Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқовтардың iзбасарлары қайда жүр?» деген сауалдармен ашынып жазылған ойлар болатын…

Қарап отырсам, әлгіндегі «шимай-шатпағымда» журналист ақпаратының обьективтілігінен гөрі, менің жеке пікірім жетіп артылады екен. Сірә, осы мәселе сол уақытта жүйкемді жұқартып жүрген болуы керек. Айтып, айтып тастаппын…

Дегенмен, жаман ойлап қалмаңыздар, проблеманы салмақты саралауда бар, негізі… Әйткенмен, айтайын дегенім бұл емес.

«Қазақстанда жеңiл атлеттер болғанымен, жеңiл атлетика жоқ» деп, осы спорт түрінің кәсіби тұрғыдан еш дамымай отырғандығын сөз қылғаныммен, атлеттеріміздің айрықша ерік-жігерін атап көрсеткен едім мақалада. Қазақ спортының бақытына орай, спортшыларымыз Қытайдың Гуанчжоуында өткен Азия ойындарында намысты қолдан бермеді. Дмитрий Карпов(алтын), Ольга Рыпаковалармен(1 алтын, 1 күміс) қатар, жаңа есімдер Маргарита Мацко(алтын), Ольга Терешкова(алтын), Наталья Ивоницкая(күміс), Евгенийй Ектов(күміс) Марина Масленко (қола), Сергей Цыкунов(қола), Анна Устинова(қола) және 400*4 метр қашықтықта әйелдер құрамасы(алтын) жүлделі орындарға ие болды.

Демек, біздің спортшыларымызға қолдау көрсетіп, нық сеніммен қарауымыз да олардың биіктерді бағындыруына ықпал етеді. Ендігі кезекте, атлеттеріміздің әлемдік додада бағы дәл осылай жанып, отандық жеңіл атлетика қай тұрғыдан алмасын гүлденіп жатса, құба-құп.

Скрипт бойынша. Неге бұл мәселені біршама уақыт өткеннен соң жазып жатыр деп ойлап қалуларыңыз мүмкін?! «Мұндай қуанышымды» ол кезде жеке блогым болмағандықтан, дүйім жұртқа жеткізе алмап едім. Енді міне, сол әсеріммен бөлісіп отырған жайым бар. Себебі, жақсылықтың ерте, кеші болмайды емес пе?!

Суреттер artans.ru сайтынан алынды

 


Испан ұлтының “алтын ұлы”

Ақпан 6, 2011

Лондондық «Челсидің» «су жаңа» шабуылшысы Фернандо Торрес, бүгін «Стэмфорд Бриджде» өзі 4 жыл бойы намысын қорғаған командасы Ливерпульге қарсы ойын өткізеді. Әзірге, Эль Ниньоның алғашқы минуттардан алаңға шығатыны белгісіз. Дегенмен, Карло Анчелотти мырза, Испанияның «алтын ұлын» кездесу барысында ойынға қосатын болса, «қызықтың көкесіне» куәгер атанарымыз анық.
Торрес пресс-конференцияда журналистерге берген сұхбатында: «Егер мен мерсисайдтықтарға гол соғатын болсам, «не буду праздновать» деп, ат-тонын ала қашқан-тын. Әйтсе де, «Ливерпуль эмблемасын сүюді ешқашан жөн санамаған» «сабазымыз», өзін шыңдаған командасын ұмытып кетіп жүрмесе болғаны.
Қалай айтсақ та, «Тұманды альбиондағы» кешкілік «алыптар айқасы» футбол фанаттары үшін айтулы әсерлерге толы болатыны айдан анық.


Атам туралы ой толғау

Ақпан 5, 2011

Менің атам ел жұртқа сыйлы, қазақи болмысты, қысылғанда талайы келіп арқа тұтқан беделді жан еді, шіркін…
Көз алдымыздан бейне бір сағымдай өте шыққан сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дара тұлға фәни өмірден баз кешіп, бақилық болып кете барды…

Шырайы жарқын, кесек ойлы, жанары әрдайым жарық жұлдыздай жанып тұратын өнегелі азамат, өзіне ғана тән ұтқыр да, ұшқыр сөз тұрпаты мен ағайынның ақылшы, қамқоршысы бола білу болмысын бойында қатар ұштастырды. Атамның ақындық тұлғасы мен рухы әсте биікте тұрып, жан дүниесінен нұр сауғалаушы еді…

Ер жетіп, ес білгелі атамның ұлағатты сөздері мен үшін өмірлік азық болды. Азық болғанда көмейден өтіп, тәнге қуат бермейді, көкейіңе қонып, жүректен орын табады. Жастайымнан жадыма ақыл мен білім нәрін құйған кісінің қалжыңы мен тапқырлығы аралас әңгімелері ойыма жиі оралады.

Бірде, жанымдағы жақын достарымнан көңілім қалып, атамнан:

- «Дос табу оңай ма?» деп, ақыл сұрай бардым.

Сонда атам: – Өзің қалай ойлайсың, жауап іздеп көрші?!- деді.

- Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын,- дедім мен.

Ол кісі ойымның бұрыстығын айтты.

- Жоқ, балам, өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Ақылдының досы аз, қасы көп, ақымақтың досы көп болғанымен жақсылығы жоқ. Жақсылығы жоқ достың қастығы аяқ астында жатады. Есіңде болсын, досың ақылды болса, өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың, – деп қайырды шешендерше.

Тауып айтылған жауапқа сонда қайран қалғаным бар. Совет одағының қитұрқы саясатының сойылын соғып, сол бір аумалы-төкпелі кезеңде атқарған қызметі мен елге сіңірген еңбегі еш бағаланбай тұрған шақта, қасындағы «дөкейлердің» сонда теріс айналғандығын меңзеп отырғандығын іштей сездім. Себебі, бала кезімнен қасына отырғызып, өсиетін құлағыма құятын атамның мұндай астарлауы мен үшін таңсық дүние болмайтын.

Атам көзі тірісінде “Білгенімнен білмесім көп” деп, өмір бойына кітап оқуды медет тұтты. Жомарт жанның жеке кітапханасынан ең алғаш рет білім нәрінен сусындадым. «Қазақ ертегілерінің» том кітаптарын құшағыма толтырып алып, үйге барып бас алмай оқитыным әлі есімде. Сол уақытта нағашы жұртым «Жиен келді дегенше- жеті бөрі келді» демей, бар асылын алдыма тосудан жалықпайтын (әлі күнге дейін). Әрине, мұның барлығы көп үйренсін, болашақта кәдеге жаратсын дегендері екен. ғой.

«Жігіттің үш жұрты бар: өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты. Нағашы жұртың сыншыл, жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді, әрқашан тілеуіңді тілейді. Тілеуқор, қамқоршың болады» деген халық даналығы шындығына көзім айқын жетті.

Марқұм атам ыстық суыққа қатар төзген жан-жары, өмірлік жолдасы, балаларының анасы Қалдыкүл апамды ғұмырының аяғына дейін көкке көтеріп сыйлап өтті. Артында қалған ұрпағының тәрбиелі, саналы, өнегелі, сауатты азамат болып қалыптасуына төккен терінің зая кетпегеніне, атам көзі тірісінде куә болып аттанды. Ешкімнің ала жібін аттамауға, кісінің ақысын жемеуге өз бойындағы қасиеті, іс әрекеті арқылы үйретіп, тәрбиелеп кетті.

Ата, сіздің халқыңыз үшін төккен маңдай теріңізге, әрдайым биік тұратын рухыңыз бен ақ жолдан таймаған асыл тұлғаңызға тағзым етемін! Алланың рахымында, пайғамбарымыздың шапағатында, жаныңыз жәннәтта болсын!


10 жылғы еңбектің зая кеткені ме…

Желтоқсан 28, 2010

2010 жылдың 19 желтоқсаны КВН (КТК) сүйер қауымның жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз. Өйткені…Ресейдегі КВН ойындары Жоғарғы лигасының ақтық ойынында әділетсіздік пен бұрмалаушылық жетіп артылды…

Әрине, бұл ең алдымен, қатысқан құрама командалардың тәжірибелігі және үлкен дайындықпен келгендігінің көрінісі…

«КВН-ханы – Масляковтың» сөзінен кейін, әдеттегідей «К ЧЕРТУ» деп ойынды бастап кеткен «Қазақтар» құрамасы көпшіліктің көкейінен шықты. «Көк түсті» жейде киген команда жанкүйерлерімен қоса ішек-сілелері қатып, езулері жиылмаған қауым «біздің командаға» алақандары қызарғанша шапалақтап, ықылас көрсетті.

«Леонид Ильич Брежневтің 104-ші туған күнімен» тұспа-тұс келген намысты дода «25-ая», «БАК-Соучастники», «Казахи», «Триод и Диод» коллективтерінің арасында өтті.

1. Таныстыру. Тақырыбы – «Мен-чемпион». «Ардагер әзілқойларымыз» алғашқы кезеңде-ақ көрермендерге «идеялы-көркем» әзілдер мәзірін ұсынды. Қазақстан және Ресей президенттерінің шыршаны безендіру көрінісінде қалжыңмен қоса өзекті астарын да бар-тын. Орыс ұлтының өзіндік ас мәзірлеуімен бірге, «Шыңғыс-ханды да» «өкпелетпей» сахнадан әзілмен әрлей көрсете білсе де, команда «осы ақтық сында тұрақты болмаған төрешілерден» майы тамған мақтау сөздерді естей алмады. Қойылған ұпай – 4,8.

Көгілдір экран алдында, бармағымызды тістеп қала бердік…

2. Фоторазминка. Тақырыбы — «Армандаған айып емес». Мойындау керек, үкілеген командамыз осы тұста бастапқы екпінін жоғалтты. Ең алғашында, бәрін әп-әдемі бастаған «Тұрсынбек пен Нұрландар» «базар жоқ» деп, қарсыластарына айтарлықтай екпін көрсете алмады. Десек те, «Қазақтардың» 2010 жылғы ойындарында «Ширату бәсекесінің» көрсеткіші – 88% болатын. Бұл – қалған 3 командадан жоғары деңгейде, әрине. Конкурсқа қойылған ұпай саны – 4,5.

Әзірге үшінші орынды місе тұтып келеміз…

3. СТЭМ. Міне, бұл кезең жерлестеріміздің бәйге бермес айналымы. Жаңа жылды күткен күйеуі, жұбайы және «қабағы қатулы» ене образдары сахнаға жаңашылдық әкелді. «Тұрсынбектей енеге» Константин Эрнст қатты риза болған болуы керек, оған ықыласын білдірумен болды. Бәлкім, өз «тещасы» көз алдына елестеген шығар… Ұпай саны – 5.

Тамаша…Керемет… Жарайсыңдар!!!

4. Ақтық ән айту конкурсы. Біздің құрама команда алғаш бастау құқығына ие болды. Адам таңғаларлықтай супер-идея. Бес экранда әр түрлі тұлғалардың бейнелері…

Дегенмен, 10 жыл бойы «жеңілістің кермек дәмін» татып келе жатқан команда төрешілерге бар көздеген мақсатын айтып бақса да, зор ілтипатқа ие болмады…

«Show must go on» әнін шырқап, бар болғаны сахнада 4 жыл ғана өнер көрсеткен «БАК-Соучастники» командасының «құлақ тұнатын» әнге ғана жазылған құрғақ сөздері төрешілерге әсерлі болыпты… Әттең, өкінішті…

Осы кезеңге қойылған ұпай саны – 3,7.

Кімнің жеңгенін іштей сезіндік…

Ақырында намысты қолдан бермеген құрама командамыз 2-ші орынға тұрақтады. Әшейінде, төрешілер тарапынан көрінбейтін Сергей Шакуров мырза, «өші бар адамдай» «Қазақтарды» соңғы орынға бағалады. «Маржандай тістерін түгел көрсете күлетін» Игорь Верник мырза, өзінің «группаласы» Сергей Гармашты жіберіп жарытпады. «Сәкеңмен» қоса, Константин Эрнст «Қазақтардың» бағына 2-ші орынды байлапты. Михаил Ефремов пен Юлий Гусман жеңіске 3 команда лайықты деп санапты. Ең әділі, Леонид Ярмольник (!) «чемпиондық атақты» бізге беруді жөн көрген екен…

Қалай айтсақ та, ел намысын қорғаған құрамамыз жеңіске әбден лайық болатын. Сонда, 10 жылғы еңбегіміздің зая кеткені ме…

Команда капитаны Нұрлан Қоянбаевтың марапаттау кезеңіңде көзіне жас алғанын байқадық. Енді бізге қалғаны, келесі жылғы додада командамызға тек сәттілік тілеу ғана.

Әрине, қатысатын болса :(


Сегізаяқ Пауль II таққа отырды

Желтоқсан 18, 2010

Жеке мәліметтер: Сегізаяқ Пауль
Сегізаяқ түрі: Octopus vulgaris
Жынысы: ер
Туылған жылы: 2008 жыл, қаңтар
Туылған жері: Уэймут, Дорсет, Англия
Өлімі тіркелген күні мен жері: 26 қазан, Оберхаузен, Германия

Оберхаузендегі сегізаяқ Пауль әлемдегі ең танымал медиаперсонажға айналып үлгерді. «Мұхит тұрғыны» футболдан әлем чемпионатының маңызды кездесулерін болжап айтқан болатын. Ал, ол өлген соң, тіпті Германияда ескерткіш пен автотрассаны оның атымен атауды жөн санапты.

Өмірі. 2008 жылы жұмыртқадан шыққан сегізаяқты теңіз аңшысы Верен Барч 2010 жылдың сәуірінде ұстап алады. Одан соң, сегізаяқ Германия қаласы Оберхаузенге аквариумға салынып қойылды. Оның танымалдығы соншалық, Италиядағы Эльба аралы сол «сәуегейге» тиесілі.

Болжамжары. Пауль негізінен, Германия ұлттық құрамасының ойындарын болжап отырған. Ол мекен ететін аквариумге Германия туы мен қарсылас елдің туы салынған себеттер қойылады. Пауль екі себеттің бірін таңдаса, сол құрама жеңіске жетеді деген сөз. Себебі, сегізаяқ немістердің 6 ойнының 4-еуін тура анықтаған. Сонымен бірге ол, Испанияның Сербиядан жеңіліс табатынын тура тапты. Испания-Голландия финалдық кездесуінде, испандықтарды таңдаған сегізаяқты голландтар кінәлі санайды екен. «Пауль мерзімінен бұрын өлгенде, біздер чемпиондық кубокты иеленетін едік»,- дейді олар. Аргентина құрамасының жеңілісін тап басып айтқан оған, Диего Марадоның да өкпесі қара қазандай.

Мұрагер. Ендігі кезекте, француз жерінен әкелінген кішкентай Поль атақты сәуегейдің орнын баспақ. Бес айлық сегізаяқтың салмағы, бар-жоғы 300 грамм. Ол бүгінде өз «әріптесінің» аквариумдегі орнына жайғасты. «Біз оны дайындаймыз»-дейді, океанариум менеджері Стефан Порвол. Себебі, Пауль де мұндай дәрежеге бірден жете қойған жоқ.

P.S Диего Марадона: Мен сенің өмірден кеткеніңе қуаныштымын, сенің кесіріңнен біз жеңіліс таптық.


«Итальян тұлпары»

Желтоқсан 13, 2010

Суреттегі көк аспан астында «иірімделген» бұлшық еттері көзге ұрынатын, ат жақты, қас-қабағы ешкімге ұқсамайтын, алып күш иесінің тұрпатына қарасам, еріксіз балалық шағым көз алдыма елестейді…. Мұнысы қалай дейді, енді біреулері… Себебіне тоқталайын… Бұл «мускулистый жігіт» мені бала күнімде еріксіз теледидардың алдына байлап қоятын. Оның фильмдері жазылған видеокассеталар менің «кино-коллекция» сөремнің алдыңғы қатарынан орын алушы еді… Көзім қарығып, анам «окулистке» апарғанша сол кинотуындыларды қайта-қайта көріп, «үйдегілерден» тіпті, соққы жеп жатсам да қайтпаушы едім. «Терминатор», «Ван Дамм», «Чан мен Лилерді» былай ысырып, өзімді осы бейнедегі «супермэн» санайтынмын сол уақыттарда… Ғұмыр бойына іштей қаламаса да, әділетсіздікке қарсы «қол шоқпар» болған Джон Рэмбо мен қабағы қатты жарылғаны соншалық, «жанарын жауып» қалатын Рокки Бальбоа образдары санамда бүгінге дейін «тасқа таңбаланғандай» қалып қойды. Менің сүйетінім, оның қатыгез жауын қырып-жойғаны емес, талант бойындағы «сыршылдық» пен «сезімталдық».

Иә, дегенмен қалай айтсам да, бүгінде атышулы Голливуд жұлдызы «алпысты алқымдап» үлгерген. Өз бейнесін өзі жасаған тамаша сценарист, керемет актер Сильвестер Сталлонеден мен әлі де жаңаша образдарды күтуден жалығар емеспін. Себебі оның сөзімен айтсақ, «Ол барда, міндетті түрде қайта оралады».

P.S Сильвестердің дүниеге бет-әлпетінің жүйкелері кеселденіп туғанын және кезінде амалсыздан порнофильмде «тиісті рөлді» сомдағанын қазір білдім.


Сен сенбейсің!

Желтоқсан 11, 2010

Болашақта мамандығым журналист болғандықтан, осы кәсіп аясындағы қызықты жайттар мені бей-жай қалдырмайтыны айқын. Интернеттен дәл осындай мағлұматтар іздестіріп отырып, таңғаларлық фактілерді көзім шалды. Мәселен:

  • 1912 жылы 12 сәуірде Лондондағы аукционда «Бостон глоб» газетінің бір данасы 304 долларға сатылған. Онда әйгілі «Титаниктің» апатқа ұшырағаны жайында айтылған болатын.
  • Күнделікті француздың Монпельесінен  шығатын «Ля газетт» басылымы қызметкерлері газет бірінші нөмерінің енін 2 метр қылып жариялауды жөн санаған екен.
  • Прусс королі Фридрих II-нің тұсында алғаш басылым беттерінде «цензура»  түсінігі қалыптасқан.
  • «Нью-Йорк таймс» газеті қалыңдығынан да, жарнама жариялаудан да және журналистері ең көп марапатқа ие болған басылым ретінде де дүйім жұртқа танымал. Сонымен қатар, газет құзырында өзінің американдық әріптестерінің арасында ең мұрты ұзын кісі – Джордж Мерие жұмыс істейді. Оның жеке рекорді – 66,5 сантиметр.
  • Әйелдер қауымына арналған алғашқы газет “Фрауэнциммер цайтунг” деген атпен 1798 жылы Германияда жарыққа шықты.
  • Әйгілі «Плэйбойдың» алғашқы саны 1949 жылы әртіс Мэрилин Монроның жалаңаштанған бейнесімен көпшілікке ұсынылған болатын.

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.